Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  85


Автор: Есләм Зікібаев

АМАН ЖҮРІҢДЕРШІ, ІНІЛЕР!..

Ауылынан шалғай шығандап кеткен пендеге
Тым ыстық тартып тұрады екен Ел неге?
Ерте ме, кеш пе, елеңдеп ылғи күн кешем,
Құлағымды түріп сол жақтан соққан желге де.
Алақаныма қондырып ақ қар – қыс гүлін,
Сағынышымдай самғаған құс боп ұш бүгін.
Қаңтарда қаһар, сақылдаған сары аязда
Алып жеттіңдер-ау туған өлкемнің ыстығын.
Толып тұр қазір, шүкірлік, оңым, солым да,
Алматы десек те, сойылып жатыр соғымдар.
Жеке-жеке де қарсы алар едім қуанып,
Ардақтысыңдар, əрқайсыңның бөлек жолың бар.
Шаттыққа бөлеп үйімнің қуыс-қуысын,
Шаңырағыма құт-береке болып қоныңдар.
Айналайындар, қызықтарыңды Ел көрсін,
Қиналмай жүріңдер,
Қиналсаңдар Құдай дем берсін.
Ағаларың мында өздеріңе кімді теңгерсін,
Айда жүрсем де,
Қайда... жүрсем де елеңдеп,
Сіз дейтін дағы, іздейтін дағы сендерсің!
Төрт құбылам тегіс толып кеткендей бір демде,
Қуанып, толқып, тебіренді жыр кеуде.
Дегендей осы құстай ұшатын шын мен бе,
Өрем де өсіп, төбем де көкке тиердей,
Ақ көгершіндей айналамда сендер жүргенде.
Жазда да қыста көкірегімде гүл өсіп,
Туған жерімнің,
Думанды елімнің үні есіп...
Адам боп келем, ауылымнан алыс жүрсем де,
Ағаларымның соңынан жəймен ілесіп.
Қиын күндермен, құйын күндермен күресіп...
Ата-бабадан жалғасқан дəстүр сабағы
Оятып ойды, ашардай саңлау-сананы.
Тамыр тартқандай тəлім-тағылымы жалғасып,
Сендерге аға боп жүре алсам аман жарады.
Мақтанып айтсам, бірінен бірі ірі дер –
Сендерге қарап өсетұғындай күніге ел.
Бақытым болып,
Жаһұтым болып жарқырап,
Алдымда аман жүріңдерші, ардақ ІНІЛЕР!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу