Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  93


Автор: Есләм Зікібаев

ЖЫРЛАРЫМ ЖЫЛАП ТҰРСА ЕГЕР...

Мұңданған кезде жырым да мұңды көрінді,
Көзімнің жасы сезіммен бірге төгілді.
Қақырап барып қабырғам қатты сөгілді,
Көзің де жылап,
Сезім де жылап тұрғанда –
Бəрінен ерек боларсың қалай көңілді.
Себебі неде? Білмеймін əзір. Мең-зеңмін.
Қай-қайда кеткен қиянды қиял кезген күн.
Бəріне соның қалай да-қалай тез көндім,
Серпіліп бір сəт сергиін деймін, бірақта
Сейілер емес еңсемді басып езген мұң.
«Жоғалсын бар мұң, – деймін-ақ: – бəрі жоғалсын!»
Мұң басса жанды жадырап қалай оңарсың?
Бір сəтте күйіп, бір сəтте қайра тоңарсың,
«Сездірмейін-ақ, сездірмейін-ақ», – дейсің-ау,
Сол үшін бірақ қалайша артист боларсың?!
Бозғырау ұрса, балауса-нəзік гүл семер,
Аңғырт кезің де, албырт сезім де бір сөнер.
Салмақсыз болса, желбуаз сөзге кім сенер?
Беу, ағайындар, менің де жылап тұрғаным,
Жырларым жылап тұрса егер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу