Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  80


Автор: Есләм Зікібаев

ЖЫРҒА АСЫҒАМ

Оңаша елден безіп қырға шығам,
Қарсы алар қарындастай жырға асығам.
Бəрінен жақын достың алыс кетіп,
Жалғаннан қалап табар сырласым – ƏН.
Əн салам өзіме өзім үнсіз ғана,
Мен де бір іштен тынған тілсіз бала,
Тыңдайды мұңға толы жан күйімді
Өзімдей күңіренген гүлсіз дала.
Қырда – күз,
Жабырқаған жанымда – күз,
Тəңірге талай мəрте жалынғамыз.
Бəрі бір жаз оралып келмейді екен,
Қалғаны жастығымнан жарымжан із.
Күз өтсе...
Күзден бетер қыс бар алда,
Қыранның тірлігі не ұшпағанда,
Табынып тағдырыңа күн кешкенмен,
Өрекпіп өрге шабар күш қалар ма?!
Ойласам көбі өкініш мына өмірдің,
Көңілімнің сейілте алар түнегін кім?
Жақсысы – білмейтінім,
Сол ғана үміт,
Қай күні тоқтайтынын жүрегімнің.
Ойдың да бірі келіп, бірі кетіп...
Жанымды қырық жамау ығыр етіп,
Түндерде тыным бермей мазалайды –
Қорқамын бара ма деп ғұмыр өтіп.
Кей-кейде қырдан да асып...
Шыңға шығам,
Мың сан ой тарқатылып бір басымнан.
Сендерге соның бəрін жеткізем деп,
Тағы да қарындастай ЖЫРҒА асығам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу