Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  159


Автор: Есләм Зікібаев

ЖАНЫМ БАЛАМ

Жаным балам!
Мен де жігіт болғанмын жалындаған.
Албырттығым алдымды орап кетіп,
Табылатын тұстарда табылмаған.
Жаным балам!
Өрттен, дерттен қаулаған, қабындаған,
Жауын, дауыл, боранның... арасымен
Жадап-жүдеп жеткіздім жанымды аман.
Жасырайын несіне, көрдім бəрін –
Желдің, селдің, аңызғақ шөлдің дəмін.
Айдың, күннің адасып жарығында
Жаудан жəрдем болар деп қол бұлғадым.
Өмір жолы – ұзақ жол, ойлы-қырлы,
Ұзартумен келеді ой ғұмырды.
Күле кірген достарым күңірентіп,
Аза күнге айналдырды той күнімді.
Жаным балам!
Іздегенде көп досым табылмаған.
Тіршіліктің жолдары тым тайғанақ –
Атаңнан мирас қылып қабылдаған,
Қапылыста сынбасын сағың, балам.
Атаң қойған атың бар Ерден деген,
Бойың есіп келеді ербеңдеген.
Он үшіңде бəрі бар керегіңнің,
Бұл атаңның білсең ғой жиырмасында
Алматыға келгенін елден немен.
Мен көргенді ертең-ақ сен көресің,
Көп ісіңді тіршілік оң демесін.
Сезесің, ыққа жүрер жел кемесін
Алдыңа əкеп көлденең ұсынбайды,
Желсіз күнде жүре алмай сенделесің,
Нар көтермес ауырдан талша иіліп,
Бота белің қайысып өңгересің.
Өңгересің, ертең-ақ өзгересің,
Тəлтіректеп шыбықтай тербелесің.
Жүре-бара есейіп, есің жиып,
Ауып барып кемедей өңделесің.
Əнге құмар, құлыным, күйге құмар,
Бота күннен шыныққан иленіп нар.
Бозда тұрып боздамас үшін сонда
Күшің сорға көндіксін өрге, шөлге,
Атаң барда бастығып үйреніп ал!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу