Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  61


Автор: Есләм Зікібаев

ЖҮРЕК КЕРЕК

Досты да, дос еместі күнде көрем,
Дүние-тұрағым бір, бірге келем.
Кеуде ұрардай ірі емен, іргелі емен,
Сонда да сөз айтатын кез келгенде
Мен үшін өлумен тең үндемеген.
Сұққылай ма у тілдің бізі сені –
Дейді ғой: «Аңдамаған у ішеді».
Бауыздап жатқанда да сыр бермейтін
Қой екеш, қой да кейде сүзіседі.
Жұмыр жер дөңгеленіп кіндігінде –
Тұр айналып əлі де Күнді күнде.
Брунолар өртенген шындық үшін,
Ақиқатқа таласар кім бүгінде.
Десек тағы, шындықтың жолы қиын
Арман, қиял... Əлі де толы миың.
Əкететін қаңбақтай жел аударып,
Қапылыста соқса бір долы құйын.
Дауылы бар, тірліктің құйыны бар,
Əзірлей біл өзіңді қиынына əр.
Көлгірлік те табандап жол табады,
Кім жөндеп ақиқаттың күйін ұғар.
Осыған жүргендей ек кіл өкпелеп,
Шүкірлік, жатыр бəрі ретке кеп.
Сонда да сол шындықты – ШЫНДЫҚ! – деуге
Əлі де жүрек керек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу