Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  79


Автор: Есләм Зікібаев

БІР-АҚ КҮН

Бір-ақ күнде,
Бəрі де бір-ақ күнде –
Не əкеледі сол бір күн бірақ кімге.
Сəті келсе бір күнде бағың жанып,
Бəйшешектей құлпырып гүл аттым де.
Бақ-талайы жігіттің –
Көрсе нені,
Бір күнде адам қаншама жол шегеді,
Бəлкім, мына жалғанның жақсылығы
Бір күндік биігіңмен өлшенеді.
Бір-ақ күн!
Бəрі, бəрі... бір-ақ күнде,
Бағыңды сол бір күнге сынаттым де.
Қара жер қайысардай қасыретіңді
«Бөліс!» деп айта аларсың жылап кімге.
Дүние тұтас мұнартып жанарыңда,
Кезіктірер сол бір күн нала-мұңға.
Жалғыз қалған бейбақтай сезінесің
Мəңгілік «Барса келмес» аралында.
Бір-ақ күн – тіршіліктің бар сенері,
Бір күнде көл семеді,
Тау шөгеді...
Қадірін сол бір күннің білмеген жан
Болса да өн бойында қанша өнері,
Өкініп өмір бойы зар шегеді.
Бір-ақ күн!
Бəрі, бəрі... бір-ақ күнде,
Сол бір күн жеткізбестей жырақ мүлде.
Бағың жанса –
Маздаған шырақпын де,
Шырағың жанбай қалса, жылап кімге
Барасың?
Бəрі, бəрі... бір-ақ күнде!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу