Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  65


Автор: Есләм Зікібаев

Біреу өтіп дүниеден, біреу келіп...

Біреу өтіп дүниеден, біреу келіп,
Біреу көрмей қызығын, біреу көріп...
Армандаған біреудің несібесін
Көлденең бір көк атты жүр иемденіп.
Бұлтық-бұлтық жер төсі білеуленіп,
Бірде – қызыл, бірде – сəл күреңденіп...
Құбылады түлеген түлкідейін,
Жоғың əсте бітпейді түгенделіп.
Бір күндік тірлік артық «жарық» көрден,
Пейішті кім бар дейсің барып көрген.
Тəңір өзі пендеге түк бермеген,
Біреудікін біреуге салып берген.
Қыс боламыз, жадырап жаз боламыз,
Алаяқтар алдамшы аз ба нағыз.
Ештеңенің ертеңін ойламаймыз,
Бүгін тапқан пайдаға мəз боламыз.
Дүниенің жетсем деп шегіне бір,
Тырбанасың, қайда бұл жеңіл өмір.
Кірген ақты шашыма көрген сайын,
Су сепкендей басылған сері көңіл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу