Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  74


Автор: Есләм Зікібаев

УЛАНЫП ҚАЛДЫҚ...

Бойымызда осы қайнаған қан ба,
Жəй су ма,
Саңлаусыз сана –
Уланып қалдық қайсы У-ға?
Өзіңнен өзің адасып қалған жандайсың
Өмірде мынау жоқсың ба,
Əлде барсың ба?..
Бар болсаң қайда?
Көрініп бір сəт шықпайсың,
Ел жұтқан У-ды бөлісіп неге жұтпайсың?
Боранда қалған бейшара қойдай ықтайсың,
Жақсы айтқанды да,
Жаман айтқанды да құптайсың...
Ықтайсың келіп,
Ықтайсың келіп... тіл қатпай,
Езде де ерлік болмайтын ба еді бірқақпай.
Ішкенім – ірің,
Жегенім – желім, бойыма
Бал берсе дағы жүр батпай.
Қырандар қайда?
Көгімде майда – кіл қарға,
Көбінде үн жоқ естіртіп айтар,
ТІЛ бар да.
Көкірегі ояу, құлағы бітеу тыңдарға...
Адам боп келген өрісі қысқа өмірде
Адам боп жүріп,
Адам боп өтер күн бар ма?!
Тоқырап көрдік,
Көрдік біз қайта құрып та,
Тілімізді де,
Ділімізді де... құлыпқа,
Салдық та мықтап,
Түк көрмегендей бүгжіңдеп,
Жаураған қойша тығыла бердік кіл ыққа.
Ептедік «ЕР» боп,
Кетпедік мүлдем құрып та,
Қиқушы шықса – мойнымызды иіп құрыққа,
Ез болып көндік,
Бітпедік содан сынып та,
Дауылға қарсы,
Жауынға қарсы шыға алмай,
Шым батып терең,
Үйездей бердік тымықта.
Шым батып терең,
Болдық та керең мүлгідік,
Айдынға шықсақ алатындай-ақ бүлдіріп,
Өтірік жүріп,
Өтірік күліп,
Күл-ді-ріп...
«Рөл ойнаймыз» –
Ішімізді жатыр кім біліп?!
Мүлгідік үнсіз жатып та,
Тіке тұрып та,
Керенау тірлік сылтау іздедік сыныққа.
Сұрама сырды,
Ішім біледі ит өлген,
Жақ аштырмайды,
Ауызым берік құлыпта!
Абылайлардың,
Ағыбайлардың ұрпағы,
Көкірегім – кеніш,
Жаны байлардың ұрпағы,
Кемістік көрген кедейден тудық деп жүрдік,
Шалғайымызға жармасар деумен кім тағы,
Тегімізді танып жармасса болды –
Құртады.
Арғы атам менің...
Айтпаймын,
Айтсам сенбестей,
Ойымыз – олқы,
Бойымыз – шаршы –
Келді өспей!
Құл-құтан едік Бас болмайтұғын жиылып,
Бас бола қалсақ, миымызға қан құйылып,
Қор болатындай тағы да
Тағызым еттік сиынып мінген ТАҒЫНА.
Оңымыз қайсы?
Солымыз қайсы?..
Біле алмай,
Жолымыз қайсы –
Алшаңдай басып жүре алмай,
Көгіміз қайсы –
Қарауды қойдық биікке
Топшысы сынған қырандай.
Қайнаған қан ба,
Бойымызда осы жəй су ма,
Саңлаусыз сана –
Уланып қалдық қайсы У-ға?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу