Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  54


Автор: Есләм Зікібаев

Шайлықпастан көңілім шайлықпаған...

Шайлықпастан көңілім шайлықпаған,
Алайын деп алмайды айлықты адам.
Кей-кейде ақынды да, батырды да
Иіп əкеп ырқына көндіретін
Құдыреттей көрінеді байлық маған.
Айтқанменен байлықты қумадым деп,
Байлық үшін тумадым, тұрмадым деп,
Мен де пенде – көңілім құлазиды,
Бір жағымда қу тақыр, бір жағым көк.
Сен де басқа бұл күнде, мен де басқа,
Құлдық ұрып құнықтық жем мен асқа.
Сəби сезім ойында ештеңе жоқ,
Бірдей қылып жаратқан Алла баста.
Ауырына арқасын тосар жүктің,
Бəйгеге жеке-дара қосар мықтың
Мен емеспін, бəрі бар бір басымда –
Пендеге тəн мықтылық, осалдықтың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу