Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  97


Автор: Есләм Зікібаев

Байлық деген болмайды ақында ерен....

Байлық деген болмайды ақында ерен,
Бірақ жырмен жаныңа жақын келем.
Шаршы топтың алдында жабатұғын
шапаным да, мінгізер атым да өлең.
Байлық деген болмайды ақында ерен,
Бірақ сонша мүсəпір, тақыр да емен.
Тірлігім тірілермен жалғассын деп
БОЛАШАҚҚА жазатын хатым да – өлең.
Өлең – менің елгезек көңіл күйім,
Көңіл күйім, жүретін жолым қиын.
Жыласам да, күлсем де бəрі өлеңде,
Жырларымнан мөлдіреп төгілді Күн.
Теңізге ұқсап тербелген көңілде ойы,
Сыймай тұрсам шарама төгілгелі.
Ұрпағыма қалдырам мұра қылып,
Өлеңменен хат жазып өмір бойы.
Хат жазам немереме, шөбереме,
Хат жазбасам, көңілім көгере ме
Аталардай артына сөз қалдырған,
Ертеңімді кетпесем еліме айтып
Ақын болып туғанмын неменеме.
Таудай биік көтерген өнерді ақын,
Өнерді ақын бəрінен көрер жақын.
Байлық, мансап – бір күндік қолдың кірі,
Жетсе болды ұрпаққа өлең-хатым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу