Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  94


Автор: Есләм Зікібаев

БЕЛГІЛІ БОЛУ ҚИЫН БА?..

Белгілі болу,
Белгілі болу қиын ба,
Орайын тауып кіріп алсаң бір ұйымға.
Талай тағдырды қаңбақша іліп əкетер
Қозғай алмайды дауыл да, жел де, құйын да...
Көріп те жүрміз белгілі болған талайды –
Белгілі болсаң, тезірек атың тарайды.
Жырыңды білмес,
Сырыңды білмес ағайын
Айғақтап тұрар анықтамаңа қарайды.
Алтын ба, мыс па... Асылың қандай ішіңде –
Тіршілігіңе тірек қылардай күшің не?
Түңілдірместей жылылық бар ма түсіңде,
Сырын білместей ұлылық бар ма ісіңде?
Бір-бірімен де санасып ешкім жатпайды,
Қажеті бар ма, қажет деп білсе, жақтайды.
Көзге ұрып тұрса, кемшілігіңді «таппайды»,
Сөз біліп тұрса, майын тамызып мақтайды.
Біліп ал, бауырым, орайы келсе, біліп ал,
Пендешіліктің түсі суық та, тілі – бал.
Тірліктің əркім көре бермейтін тіні бар,
Дауыл тұрса да, жауын ұрса да тоңдырмас,
Жылы қолтықтар табыла қалса, кіріп ал.
Алланы қойып, соларға ғана сиын да,
Боранға ықпа, жеткізбе желге, құйынға.
Айбының асып, артады құрмет-сыйың да,
Белгілі болу соқпайды сонша қиынға.
Солай, бауырым!
Қатырып басты не етесің,
Қыран болмай-ақ қиянға самғап жетесің,
Біреулер тіпті қыздырамын деп шекесін,
Саудаға салып жүреді кейде некесін.
Қайтесің күйттеп «белгілі» деген – бергіні,
Орайын тапсаң «көрнекті» боп та кетесің




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу