Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  58


Автор: Есләм Зікібаев

ТЫҢДАП КӨР

Тыңдап көр, не айтар екен мен жайында,
Шындап көр, не айтар екен сен жайында...
Қарадай соқтығарға қара таппай
Отырған əзірленіп ел қайымға.
Тыңдап көр қондырғанын қай төбеге,
Шымырлап бір айтқанын қайта өре ме?
Қоярын адастырып кімдерменен,
Қоярын жанастырып қай төреге.
Елің кім? Нағашың кім? Қайының кім?
Кім саған жасап жүрген қайырымын.
Тарқатып берер жетпіс тармағыңды –
Барлығын кімнен қанша айырымың.
Жандай-ақ жаттап алған бүкіл əнді,
Жайнатып жайып салар құпияңды.
Қажет пе, көз алдыңа əкеледі,
Бергендей өзі жасап құт ұяңды.
Сенесің, амал да жоқ сенбесіңе,
Ол айтса, алаңдайсың сен несіне.
Тірліктің бар тұтқасы уысында,
Қасқаның қара құлаш сермесіне!
Жан емес босқа ұшырар сөзін желге,
Жетеді жақындассаң көзің демде.
Бер дағы тізгініңді, ілесе бер –
Ол сені «біледі артық өзіңнен де».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу