Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  55


Автор: Есләм Зікібаев

ҰҒА АЛҒАН ЖАНҒА...

Арманымызды айдынға салып, жүздіріп...
Жүргендей күнде сөйлейміз өліп, үздігіп.
Бəрі ғой соның əруей тірлік, пенделік –
Болмаса біз кімді, жатыр-ау кімдер бізді ұғып.
Толып жатса да тірліктің тарам жолдары,
Ойлағанымыздың, тойлағанымыздың жөн бəрі...
Көзді ғана емес, көкірегімізді шел қаптап,
Ағаның айтқан ақылы бойға қонбады.
Тіршілік – мұрат, жеткізбес шегі бір ғайып,
Тəуекелің де дарияға салған жел қайық.
Ағаны тосып сөз сөйлемеген басымыз
Ірі боп кеттік, ініні қайтіп тыңдайық.
Осылай өмір, өзінің жолы, жөнімен
Өте береді, енді ұққандаймын соны мен.
Алды-артымызды ажырата алмастай күй кешіп,
Ата жолынан адасып қалғандай көрінем.
Талайды силап, талайдан тағы сый көріп,
Бойымызды жинап, ойымызды еркін игеріп,
Жаманнан қашып, кірпішешендей жирылып,
Жақсыға жанап келе жатқанымыз да үйреніп.
Ұға алған жанға екен-ау бұл да ғанибет,
Жұқарасың кейде жаныңды тасқа жани кеп.
Көрініп жатқан тірліктің төте жолы жоқ,
Басқан ізіңнің, жүрген жолыңның бəрі ирек,
Адасып қалмасақ екен-ау дейсің зар илеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу