Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  82


Автор: Есләм Зікібаев

Секілді қан ойнаған тамыр-сынап

Секілді қан ойнаған тамыр-сынап
Бəріне де төзесің жаның шыдап.
Арпалыс өмір үшін алмағайып
Біреулердің алады қанын сұрап.
Айтулы ел ағасы, арыспын де,
Біреуге жақын, біреуге алыс мүлде...
Адамдар адамдарға қан береді,
Жан береді жатқан соң əл үстінде.
Ойнайды дірілдеген тамыр-сынап,
Шықпаған жан жатады əзір шыдап.
Қан беру өз алдына, кей туысың
Кірмейді бас көрсетіп, халің сұрап.
Бəлкім, бұл жайбарақат, қатыгездік,
Жарыста жан қинамай, жатып оздық.
Екіұдайда қайрылып, хал сұраспау –
Асырып айтпасақ та, пақыр, ездік.
Құдай-ау, көңіл құрғыр неге мұңды,
Жырлаудай жырлап келем мен елімді.
Жарқырап Күн шыққандай болады екен
Білгенде біреулерге керегіңді.
Көңілің – жұрты көшіп кеткен елдей,
Көрінесің тобыңнан шеттегендей.
Ел ақын деп айтса да, бірдеңелер
Болады да тұрады жетпегендей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу