Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  121


Автор: Есләм Зікібаев

ЖЫЛАУЫҚ КҮЗ – ЖЫЛАУЫҚ ҚЫЗ

Жылауық күз,
Жылауық күз секілді жылауық қыз.
Бықсып жанған іштегі шер-шеменді
Босатып алайықшы бір ауық біз.
Күн жылайды,
Күн жыламай, күз келсе кім жылайды.
Алмағайып заманда жөн таба алмай
жүргендер көп, томсарып тұнжырайды.
Жанымда күз,
Бірақ ішім өртенген жалын нағыз.
Бүгінгімнің бəрі де кіл құпия,
Таптырмайды тарихтан табылған із.
Біреу ұғып,
Заманның ағымынан біреу бұғып
қалады – ішімізде ит өлгендей
Сыр ашпайтын дүние кілең құлып.
Жылауық күз
Секілді бəріміз де жылауықпыз.
Соқыршектей жарылып кетпес үшін
шер шығарып алайық бір ауық біз.
Келші бермен жақындап, жылауық қыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу