Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  66


Автор: Есләм Зікібаев

БАҚ ТІЛЕ

Отыз алтыншы жыл, бесінде тудым маусымның,
Талайын көрдім тəкəппəрсынған «тау-шыңның»,
Сарқыншағындай анадан туған қанша ұлдың
Сандалып қалдым, қажалып-қажып, таусылдым.
Мұңға бергісіз сырыма бір сəт құлақ сал,
«Өрнегім» менің дүниеде жоқ жұмақ-шəр.
Ауылға барам, алды бар жəне арты бар –
Ал отыз алтыдан құрдас деп айтар бір-ақ шал.
Жүрген жерімді есік те демен, төр демен,
Кезім де болды өрге шапшыған, өрлеген.
Аңырамасам да ағаларымды айтып көрмеген –
Екі інім – екі қанатым еді сермеген.
Ағасы емес, əкесі болған жандай ем,
Олар жүргенде, мамырлап атқан таңдай ем,
Жүрегімді ылғи сыздатқан ашық жараға
Ағайындар-ау, айта аласыңдар қандай ем.
Көп болып па еді тасыр күндерім тасыған,
Жігерім мұқап, тауым шағылып жасынам.
Күпірлік болар аз ғұмыр кештім дегенім
Асып барамын пайғамбардың да жасынан.
Ішімде алау, көретін көзге сыртым сау,
Жамау да, жамау... қаусырып тұрған кіл құрсау.
Ұмыттырардай іштегі у мен зəрімді,
Жадырататын жанымды жайсаң жыр туса-ау.
Ой, ой, ой...
Пəлі таусылмайтын бұл ойларды-ай,
Тірлігім – думан, тарқамайтұғын тойлардай.
Өзімді-өзім сезінем қуыс қурайдай
Қауқарсыз, бірақ сыртынан сырлап қойғандай.
Қайғысыз, қамсыз тұрғандай алда бəрі əзір,
Еңсені басып, көтертпей бойды зала зіл
Тұрса да кейде дым сезбейтұғын меңіреудей
Сөзің де алдамшы, өзің де алдамшы, əзəзіл.
Адам боп өстік дейтіндей жұртқа «БАҚ, міне!»
Дос болсаң адал тілегіңді айтар ақ тіле.
Тəңірім берген сөйлейтін тіл мен жақ, міне,
Соғыс кезінің сормаңдай өскен баласы ек,
Тісіміз тимей телміріп қарар тəттіге.
Жетімек едік телміріп өскен тəттіге,
Уа, тəңірім, мынау құйтырқы заман əккі ме?
Құйтырқы кезде бəрін де көріп тойдық қой,
Байлық қимасаң, пендеңе сəл-сəл бақ тіле!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу