Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  58


Автор: Есләм Зікібаев

ЖАМАЛҒАН ЖҮРЕК

Жамалған жүрек –
жамаудың аты – жамау ғой,
сан алуан жібек
жапсырсаң дағы жарасып кете алмайды екен,
баяғы балғын қалпына жете алмайды екен
шөгір-шөңгелер шегедей қадалған жүдеп.
Анау да керек,
мынау да керек тірлікте
тағдырыңды тəңірім таңып қосқандай қыл жіпке,
мұңаяр тұста күлдік пе?
ЖЕР көтергендей қайсарлықпенен əлі де
КӨК-ӨГІЗ кеуде келеді шыдап бəріне
Зілмауыр салмақ желкесінен түспей күндікке
қалауың білсін –
əзіл де, еркің, шындық де –
күтіп тұрғандай қойылар соңғы бір нүкте.
Шаршама деймін өзіме-өзім, шаршама,
тартқан жүгі ауыр,
шүйдесі жауыр...
жеткізер екен қаншаға,
жылдары жемір,
тозардай темір, қарағай, емен, арша да...
өтпейді қанжар қаншама қайрап салса да
тəлтіректеумен келеді арып-талса да
сүрінер жерде сүрінбей,
мүдірер жерде мүдірмей
тəңірім жебеп, келеді демеп ар, сана!
Жамалған жүрек –
тамтық жоқ, құрақ-құрақ па
ақыны деген қазақтың жұбап құр атқа
кəрі киіктей ымыртта құлап суатқа
келеміз жəймен төменге қарай төбеден,
көреді көңіл, көреді бəрін көреген
мезгілсіз мерт қып,
егілтіп бірақ жылатпа,
егілтіп бірақ жылатпа!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу