Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  55


Автор: Есләм Зікібаев

ЖЕТПЕЙСІҢ ҚУЫП АРМАНҒА

Ыстықта күйіп, суықта жаурап тоңғанда,
Табаның тайып, жүргенде ғайып жолдарда
Ертеңгі күннен қашып құтыла алмайсың,
Жетпейсің, бірақ үмітіңді үзбей жалғайсың,
Сонда да, шіркін, арманның азаяр шағы болған ба?
Тауыссаң дағы шет-шегін шарлап ғаламның,
Қауышсаң дағы бəрімен жақсы-жаманның
Ертеңгі күнге елегізумен тұрасың,
Бар ма екен, сірə, армансыз күні адамның,
Армансыз күнге жетсем-ау деумен алаңмын.
Қызығына да, шыжығына да тоймайсың,
Жанынды өртердей қызуына да тоймайсың.
Фəни жалғанның жалғанын біле тұрсаң да,
Шайтан сықылды, мың жасайтындай ойлайсың,
Ойлайсың, содан бір күндігіңді тойлайсың.
Кəрі де, жас та арманда содан, арманда...
Бəрі де – сау да... дүмбілез мас та арманда.
Меңіреу дүние, түк емес берген, алған да,
Күн-түндер озып, созып
мойыныңды сарғайып атқан таңдарға,
Жетсем-ау деумен жете алмай жолда қалғанда.
Өң менен түстей, боздайсың іштей,
Қозғайсың мұң мен шеріңді
Өрісің бітіп барып-келетін жеріңді
Тауысыңқырап алғанда!
Жарық дүние – бақ пенен сордың мекені,
Кей-кейде соның белгісіз кімге не екені.
Арманды қуған, таңдарға думан жете алмай
Бейбақтар талай өмірден өксіп өтеді.
Қарыны тойған, безініп ойдан, ардан да,
Дүние-боқ деп таңдарын ұрып таңдарға,
Жиып-тергені көзіне құмдай құйылып,
Үлгере алмай тəңіріне де сиынып
Талай бейбақтар кете барады арманда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу