Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  78


Автор: Есләм Зікібаев

ТУҒАН ЖЕРГЕ ОДА

Мына дала көлбеген кеңістігі,
Көзді арбаған өр менен еңістігі,
Дəн-дария тербелген егістігі,
Əн-Ғалия дем берген келісті үні...
Қуанышын əйгілеп жер үстінің
Сəбең тойын жатқандай бірге тойлап,
Үлкен-кіші тік тұрып тегіс бүгін.
Ескен желдей зымырап ағады күн –
Қайта айналып өткенін табады кім?
Осы жерде Сəбеңнің балалығын,
Ағалығын,
Ғұлама даналығын
Айдыныңда айнадай дірілдеткен
Мөлдірейді көлдердің жанары мың,
Шежіре боп сөйлейді дала бүгін.
Ана-Дала көсілген байтақ, алып,
Шалқарыңда шабытын шайқап алып,
Мақтанышын сыр қылып айтары анық:
Киелі жер болған соң, ұлылық та
Келеді екен егіздей қайталанып.
Қараша үйде –
Жел соқса əрең тұрған
Сəбең туған,
Сол тұста Ғабең туған.
Қазақтың өнерінің бақытына
Қос кеудеде тоғысып əлем тұнған.
Қос жүйріктің үзеңгі қағысындай,
Қос өзеннің астасқан ағысындай,
Қос түндіктің түлеген арысындай,
Ұшырыпты Табиғат бір тұғырдан
Екеуін де –
Өссін деп сағы сынбай.
Қос қыран талпынғанда шыңға қарап,
Əр сөзін құлақ түре тыңдар алқап.
Туған жер!
Айналайын топырағыңнан
Қос түлегіңді өсірген мыңға балап.
Туған жер!
Айналайын, киелім-ау,
Бүлдіргенді,
Жидекті,
Шиелі бау!
Өнерге екі бірдей ұлы берген
Жомарттығың үшін де сүйемін-ау,
Алдыңа кеп басымды иемін-ау.
Байтақ дала –
Бақ қонған,
Ырыс қонған...
Сая болған,
Талайға тыныс болған –
Сəн-салтанат өрбіген құрыш қолдан.
Ана-Жердің көл-көсір пейіліндей
Басқа емес,
Мінекей, осы арада
Екі арыстың туғаны дұрыс болған.
Бұл жер – миллион жүректі жаулаған жер,
Бұл жер – қаса жүйріктер аунаған жер,
Сөз-құдірет алаудай лаулаған жер.
Төбесінен бақ жұлдызы аумаған жер,
Ел мерейін биікке көтерсін деп
Сан сұңқарын бапкердей баулаған жер.
О, туған жер,
Ұлыңның ұлы тойы,
Алғы күнмен астасқан үміт-ойы.
Берекесі, бірлігі жарылмаған
Құтты жерден той-думан арылмаған.
Дүбірлетіп қарсы алар перзенттерін
Сен аман бол алдымен, Дарын-Далам,
Дарын-Далам.
Бақытым, барым Далам:
Жырласам да жиірек бауды, гүлді –
Көтеруге əзірмін тау-жүгіңді.
Алматыда жүріп-ақ, о, Туған жер
Тілеймін сенің аман-саулығыңды,
Тілеймін сенің аман-саулығыңды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу