Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  47


Автор: Есләм Зікібаев

АҚЫН

Ақын келді ортаңа –
Өз ақының,
Делебесі дүбірге қозатұғын.
Сенің үшін өнердің бəйгесінде
Өлсе де, озатұғын.
Өлсе де, озатұғын –
Даңқыңды дəуірлерге созатұғын.
Соның бəрі –
Елінің елдігі үшін,
Ерінің ерлігі үшін –
Ойлағаны қамы емес өз атының.
Озады Құлагердей,
Намыс үшін жаралған мұрагердей.
Мерт кетсе де түсірмей ер еңсесін,
Ғасырларға биігінде тұрады өлмей.
Жылдар...
Тіптен дəуірлер өтер, мейлі,
Өкінішпен зұлымдық өтелмейді.
Ақынды ардақтаңдар, ей, Адамдар,
Ақын жаны мұң-зарды көтермейді.
Ақын келді ортаңа –
Өз ақының,
Тілемейді ол намысын өз атының.
Өлсе де сенің үшін өлетұғын,
Озса да сенің үшін озатұғын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу