Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  92


Автор: Есләм Зікібаев

Жым-жырт түн, мөлдіреген ашық аспан...

Жым-жырт түн, мөлдіреген ашық аспан,
Тек өзен арнасынан тасып асқан.
Даланың тыныштығын қызғанғандай
Мазасыз гүрілдейді басылмастан.
Ауылым сол баяғы «Қойтастағы»
Жаныма көрінгенде-ақ ой тастады.
Көп төбет үріп шықты қарсы алғандай,
Жануар үрікті ме, ойқастады.
Өз ауылым, өзім өскен таныс көше,
Ойнаушы ек бəйге тігіп, жарыс кеше.
Дариға-ай салушы ек қой жанды ортаға
Үлкендер «белдес» десе, «алыс» десе.
Келгенде жыл құсындай қайта оралып,
Сол күндер көз алдымнан өтеді ағып.
Жас кезде төсек болған көк майсасын
Құшып сүйгім келді жата қалып.
Кішкентай Сарқасқаны қара мына,
Көтеріп басын жерден қарады да.
Асылды мойыныма еркелеп кеп,
Бұл да енді қарсы алуға жарады ма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу