Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  99


Автор: Есләм Зікібаев

Көргемін жоқ Абай боп, Қасым боп та...

Көргемін жоқ Абай боп, Қасым боп та...
Жыр көгінен ақпадым жасын боп та.
Бауыржан да емеспін ел қорғаған –
Қайсарлықпен тікпедім басымды оққа.
Білмеймін дүниеде досым қанша,
Хош дей қоймас талайлар осымды онша.
Дос деп айту қиын ғой бір арнада
Арманыңмен мəңгілік қосылғанша.
Жұрт алдында беделін өсірмек боп –
Талайлар-ақ жүреді досым көп деп.
Сырт көздерге масайрап, мəз болады,
Тіршіліктің жүргенге көшінде ептеп.
Жоқ! Мен соның бірі де, бірі емеспін,
Жөнсіз жерде келмейді құр егескім.
Өз биігім өзіме жетіп жатыр,
Биік болып аспанды тіремеспін!
Кете берсін кеш алдын созатындар,
Сенім артқан менің де өз атым бар.
Үмітсіз деп бəйгеден ойламасын
Кей тұстарда төтемен озатындар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу