Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  67


Автор: Есләм Зікібаев

ЖАЗАМ, ЖАЗАМ...

Көңілімді шұғыла Күнге бөлеп
Жазам, жазам...
Немере жас,
Ұл-қызым орыс тілді,
Табады ертең кім іздеп, кімдер елеп?!
Жүргенменен жанымды жыр жебелеп,
Көріне алам ақылды кімнен ерек.
Жыр да менен бір күні қаласың-ау,
Ойлайтұғын өзіммен бірге ме деп.
Қалса да қанша жазым, қысым мейлі...
Өлеңмін өмірімді мүсіндейді.
Біреулер жан-тəнімен ұққанымен,
Біреулер қасақана түсінбейді.
Менің ауылым – Мағжанның туған ауылы,
Аза күнді тойлаған думан ауыр.
Ат аунаған орында түк қалады –
Түсіне ме соны осы тума-бауыр.
Кеш те болса адамдар түсіне ме,
Түсінгенде жетеді күші неге.
Егеменді Ел болдық дегеніміз,
Көкірекке бір сəуле түсіре ме?!
Жүрегімді, жанымды жыр жебелеп,
Көтере ме көңілімді Күнге бөлеп
Орыс боп кеткен жердің ақыны деп,
Бір басына жетерлік ақылы көп,
Артымнан іздер екен кімдер елеп.
Айта берем,
Айтқанмен не қыламын,
Зарлағандай жапанда менің əнім.
Қызығамын қарадай қырда отырып,
Қазағы мол жұрттарға елі қалың.
Білемін,
Жете қоймас менің əлім,
Талайының жанында жегі барын
Сезіп келем,
Ұялып безіп келем
Деп жүрген азаматтар:
«Елім – Арым!»
Артында ұрпағына не қалдырып,
Білсем ғой ұрпағының нені ұғарын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу