Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  106


Автор: Есләм Зікібаев

ТАРТҚАН ҒАНА БІЛЕР-АУ

Көңіл – көгім бұлыңғыр,
Бұлттар көшіп жатқандай.
Көкірегімде бүгін бір
Зіл қара тас батпандай.
Шағаласы шабыттың
Төбемде жүр – қонбайды.
Қашқан қиял – жаңа ұқтым,
Қанша қусаң болмайды.
Тұла бойым құрысып,
Бір суып, бір жанады.
Дəл төбемнен жыр ұшып,
Қонбай кетіп барады.
Өзіңді əзер ұстайсың,
Еңсең түсіп, жаншыла.
Қансонарда ұқсайсың,
Құр қол қайтқан аңшыға.
Жаным тағы жүдеді-ау,
Мың сызып, мың жазамын.
Тартқан ғана білер-ау,
Ақындықтың азабын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу