Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  79


Автор: Есләм Зікібаев

КӨКШЕГЕ

Шоқыңды көрейін деп мұз бөктерген,
Көкшетау, сені алыстан іздеп келгем.
Бірімін ұлдарыңның қиялға бай –
Иіліп сəлем етем ізетпенен.
Тауларың неткен əсем манаураған,
Көз алмай жалығар ма қарауға адам.
Қыр гүлі баурайыңда шешек атқан,
Жанындай қыздың нəзік алаулаған.
Дер жыршы Көкше, ақын Көкше,
Таралған талай жерге атың Көкше.
Тарихын сан ғасырдың ауырсынбай
Тұрмысың алып тұлға – батыр Көкше.
Сырыңды жүріппін-ау кеше білмей,
Қойныңда қонақ болдым неше күндей.
Аз күнім сенде өткізген, ақын Көкше,
Көрінер шабыттың бір кесегіндей
Айтпаймын би-болыстың ертегісін,
Əн-жырдың болашағы, ертеңі үшін
Өсірген сүйем сені, асыл Көкше,
Ақан мен Сал Біржандай ел серісін.
Демеймін ойдағымды сарқып жаздым,
Көкшетау, өзіме ғашық бар қыздарың.
Айыпқа бұйырма тек кетсем алып,
Тамаша кешінде бір жарқын жаздың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу