Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  93


Автор: Есләм Зікібаев

ЕРКЕ ЖЫРЫҢ

(Қасым Аманжоловқа)
Еңсесін езген ауыр зіл батпандай
Ойларын кіреукелеп жүрді ақтармай.
Сырлары жеті қабат жер қойнында –
Көңілінде аршылмаған кір жатқандай,
Құпия, шешімі ауыр жұмбақ бардай.
Айбынып, айбар шегіп жауларына,
«Дауылдап жатқан кезде дау-дабыра»,
Өзге емес, өзі айтып өз жайында –
Сыр ашқан ағайын-ел аумағына,
Көңілін жырмен жұбап, аулады ма?
Қия алмай жалт-жұлт дүние – кең мекенін,
Тағдырдың тезіне сап терлетерін,
Көкіректен жаһұт-жыр селдетерін
Ұқты да, ой маржанын төгіп-төгіп,
Қалдырып жүре берді елге тегін,
Кім біліпті тез келіп, тез кетерін.
«Жігіттің көріп жүйрік, шабанын да»,
Малынып шала мұңға, нала-мұңға,
Қалғандай Барсакелмес аралында,
Шық тұнып, сыр ойнайтын жанарында.
Жауқазын жаның жұқа-ақ, көңілің мұқап,
Бəйгең көп алмай кеткен заманыңда.
Секілді тау өзені тасынатын,
Тасынатын, заматта басылатын,
Көктемнің шуағындай ашылатын,
Анадай қиянатқа ашынатын,
Алланың ақ жолына бас ұратын,
Жанымен жақсылыққа асығатын,
Тым ерте қалай тындың, асыл ақын –
Асыл ақын – өмірге ғашық ақын?!
Дүниенің тұтқасы менде болса,
Өзіңмен жалғар едім ҒАСЫР атын!
Жолыңды кес-кестеген кіл жырынды,
Ұстауға жарамастай шылбырыңды,
Алдыңды андағайлап орай шауып,
Қиядан көрінем деп қылғынулы.
Көкірегі көк тіреген сондайлардың
Мың жырына бермес ем бір жырыңды.
Нұрлантып көңілімнің шарайнасын,
Келсе де дүниеге талай Қасым,
Жұлдыздай көкжиектен ағып түскен –
Қасым бола алу да талайға сын,
Өзіңнен бола алады қалай басым?!
Қанатты қиялындай ертегінің,
(Ертегіні серік қып ертеді кім)
Жырларыңда шалқыған бірде шаттық,
Бірде Қорқыт күйіндей шертеді мұң.
Десе де, Еркін Елдің аспанында
Қырандай қалықтап жүр ерке жырың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу