Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  62


Автор: Есләм Зікібаев

ТІЛЕЙТІНІМ – БІР СЕНІҢ АМАНДЫҒЫҢ

Шетін көріп қатенің, бұрыстың да,
Бетін көріп төбелес, ұлыстың да...
Осы ортада Адам боп өскеннен бе,
Бəрі де оң, секілді дұрыс мұнда!
Өтті ағалар – жолбарыс, арыстандар,
Желқанатты жүйрікпен жарысқандар...
Шындық үшін шырылдап алысқандар,
Шапқанда тұяғынан шаң ұшқандар...
Елім десе, егіліп-еміренер –
Едігелер тербеніп-тебіренер,
Бəрі жақын, жаныма таныс жандар!
Мұхаңдарды оқып жүріп көзім көрді,
Тұзды басып алатын көзірлерді...
Жас күнде қаның ыстық, жадың да алғыр,
Ұмыта алман өзін де, сөзін де енді.
Ұлылықтың ұқтырып ұлағатын,
Аялап-əлдилердей сезімдерді.
Жерлесім деп Сəбеңді, Ғабеңді де...
Сүйсінетін ибалы сəлемдіге.
Еркелетер бірі жоқ екеуінің,
Жетімсіреп қалғандай жаны жүдеу
Əдебиет дейтұғын əлем, міне!
Жатқа да жақындатар жыр адамды,
Көп тыңдадым Іле-ағам, Жұб-ағамды.
Алыстаған айбарлы Алатаудай –
Тірлігінде ұғыпты кім Адамды?
Сырлы сезім тербейді жүрегімді,
Анамның бесігіндей, сірə, мəңгі.
Одақта Олжаспенен бір уақытта
Жүргенім – қара дердей шыңға шық та.
Өткен күнде белгі жоқ деу – ағат сөз,
Жеткен бар, жетпеген бар бұл бақытқа.
Аға, інідей,
Арамыз жиырма күн,
Қатар көріп тірліктің сыйын, нəрін...
Жүргеннен бе, көкіректен құйылды əнім.
Бірге өткізіп əкеміз Əбекең мен
Анамыз Фатиманың жиындарын,
Қуаныштың бір көрдік бұйырғанын.
Жазушылар Одағы Ақ Ордамдай,
Ақ Ордада бар еді бағам дардай.
Енді айналып іздесем, табам ба, Алла-ай?!
Шаңырағынан шырайлы нұр құйылып,
Көрінетін басыма бақ орнардай.
Құс көңіл көкте ме екен, жерде ме екен,
Қимай-қимай бір күні мен де кетем.
Ел қамын жер Едігедей ерге мекен,
Көңілің мұңда ма екен, шерде ме екен,
Өлгенше жыр-бесікте тербеп өтем!
Мұң да бар, қуаныш бар жанарда көп,
Ағалар өткен талай Ақ Орда деп.
Өзіңді көргенше ылғи асығамын,
Кешіксем, мəңгі көрмей қалам ба деп,
Білемін кей-кейде өзі жаман да əдет.
Алыстым біреудей-ақ алысқанмен,
Жарыстым біреудей-ақ жарысқанмен.
Саған деген көңілімнің қаяуы жоқ,
Баз біреуге көңілім қалысқанмен.
Сенің бір бұрышыңнан ұя табар,
Кеудеден көкала үйрек – жан ұшқанмен.
Өмір-дария азаймас арнасы əлі,
Арман-аққу айдыннан алға асады.
Ұлылардан басталған ұлағат та
Ұлылар ұрпағымен жалғасады.
Жақсы күнім көп болды, жаман күнім,
Шабыт та шəу тартты ма,
шабан бүгін.
Қарға аунаған түлкідей түлеп тұрып,
Қайта бүршік жармайды тамам гүлім.
Көз жұмсам да көңілім мəңгі ояу,
Ой өрбітіп, тұрардай жыр тербетіп,
Тілерім – мəңгі өзіңнің амандығың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу