Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  67


Автор: Есләм Зікібаев

ОСЫНДАЙ-АҚ БОЛСЫН ДА...

Келе ме хал-жайымды білгілерің,
Білгенде кім таңырқап, кім күлерін
Тап басып айта алам ба, айналайын,
Көңілім құстай ұшып жүрді менің.
Аға болса,
Ол өзі дара болса,
Дара болса,
Бірегей дана болса...
Сумаңдаған суық сөз, сұқ көздердің
Дарымасын білемін маған онша.
Іні болса,
Тағы да ол ірі болса,
Еліміздегі екеудің бірі болса,
Айтпасам да айналам ұғатындай
Тақа жаман болмасын күнім онша.
Қарасам, көз тоярдай айналама –
Қамқоршым қайда да іні, қайда да аға!
Жел өтінде жапырағын жұлып-жеген
Бəйтеректей қорғаны, орманы жоқ,
Жан емеспін жеке өскен айдалада.
Бірінен бірі биік ағам, інім...
Шуақ шашып шығардай жаңа күнім.
Бақытқа мастығы ғой дей салыңдар,
Тарқамаса əлі де балалығым.
Алпыстың алтауына келсем дағы,
Асаудай басылмаған бар арыным!
Толтырып інімді – аға, ағамды інім,
Мен үшін қуанардай ғалам бүгін.
Қатарымнан кеммін деп қалай айтам,
Алыстап артта қалса алаң күнім.
Қариялар ілгеріде айтатұғын:
«Осындай-ақ болсын, – деп, – жаман күнім!»
Рауаны секілденіп таң алдының,
Нұр сезім көкірегімде жарар гүлін.
Еңсемді биіктетіп əкеткендей,
Еліктіріп ертеңге барар күнім.
Көңілім шуақтанып, қуаттанып,
Көтеріп кетердеймін ғалам жүгін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу