Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  58


Автор: Есләм Зікібаев

ЖАРЫМЖАН ЗЕЙНЕТАҚЫМ БАР

Киетін киім, ішіп-жейтіндей ас қамын
Ойлайтын тағы ауыртар миды басқа мұң
Жоқ менде, ондай кезеңнен өтіп кеткенмін –
Пайғамбарымыздың жасынан да асқан жастамын.
Айтқан соң бүкпей айтатын түгел батыра,
Ұяттау болса да, ақын дейтұғын атыма
Тірлігім сай ма – зейнетақым бар алатын
Жетіп-жетпестей төлейтін пəтерақыға.
Келмеске кетті бұрынғы сый мен күй, атақ...
Ақын демейді, пақыр да демейді шын атап.
Өсірдім, бақтым – əкелік қарыз-парызым
Десең де, ылғи баладан сұрау – ұят-ақ.
Сұрағанда да бетіңнің арын бес төгіп,
Бəрін міндет қып айта берердейсің естелік.
Қуанатындайсың құлағына ілсе ескеріп,
Тұра алатындайсың ертемен қайта, кешке өліп...
Елге де бердім балаға берген күшімді,
Шырқатып биік ұшырдым қиял құсымды.
Қажыға барып бəз біреулердей қалқиып,
Шарлаған жоқпын Шамды, Меккені, Мысырды...
Қуратып бүгін құнымды кімдер түсірді?!.
Қол созған көкке ақын дер енді кім мені,
Қу жанды бағу – міндетім сынды күндегі.
Жүйке мен жүрек – тозығы жеткен, қырық құрақ,
Кемпірдің қас пен қабағын бағу білгені.
Жатқан жандаймын тірліктен мүлдем баз кешіп,
Айнала қымтап, бекітіп алып іргені.
Бала жасымнан жағалап жайлау – жыр елін,
Ел еңіресе, езілген еттей жүрегім,
Жылап та оятқам түндердің тылсым түнегін.
Күнара көктеп, жылара мектеп өзгерткен
Соғыс кезінің соры қалыңдау ұлы едім.
Бары-жоғыңды қас-қабақтармен барлайтын,
Серпіліп кетіп серілік құра да алмайтын,
Шақырып жатпаса, көршіге дағы бармайтын,
Үйкүшіктікке үйреніп кеткен жандаймыз
Еркекпін-ау деп өзіңді өзің алдайтын.
Ұйқың келсе де қиялмен кезіп қиянды,
Қайран күндер-ай Жер-Көкті тегіс шарлайтын!
Өзінің отына өртеніп өзі лапылдар
Кім еді кеше арыстан жалды ақындар?
Қызуы қайтып, қызығын айтып өткеннің,
Кім не десе де құп көріп, бəрін мақұлдар –
Тоты құстаймыз тордың ішінен тақылдар.
Жаныңды бағып, жыртығыңды жамай алмайтын
Сол тотыдаймын,
Жарымжан зейнетақым бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу