Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  115


Автор: Есләм Зікібаев

Жанарымда мұң бар ма бүгін менің...

Жанарымда мұң бар ма бүгін менің,
Сол мұңның сырт көздерге білінгенін
қаламай-ақ, келіп ем сыр алдырмай,
Демек, бұл «артистіктен» сүрінгенім.
Бермеуші-ақ ем ешкімге жайда сыңай,
Нар жігіт сырын сыртқа жаймас ұдай.
Шынымен бір осалдық кетті менен,
Жанымның жанардағы айнасын-ай.
Қайтсін-ай, оңай деп пе ең оған дағы,
Сезімнің ақтарылып тоғандары...
Көктемгі көшкен сеңдей бұзып кетті,
Жоқты – бар, барды жоқ деу обал дағы.
Мұң бар шын жанарымда, жанымда да...
Көріп жүрген пақыр ма ем бəрін жаңа.
Талай тоңып түскенмін мұз суға да,
Талай күйіп-жанғам от-жалынға да.
Жанымды да тəнімді шылап термен,
Өмір мені сынаудай сынап берген.
Шымбайыма батса да шыдай берем,
Елу жыл еңсе бермей шыдап келгем!
Ей, қонғаны рас болса өнер деген,
Азырақ сөз сөйлейін өлеңменен.
Адам Ата, Хауа Анадан бермен қарай
Жол еді жалғасса да көнермеген.
Бəріміз сəби болдық іңгəлаған,
Тіршілік алға тартты, тынбады əман.
Кешегі уілдеген ұл мен қызды
Бір кезде ер жетер деп кім қараған.
Мəз болдық күлісіне, жүрісіне
Сəби деп мін тақпадық бір ісіне.
Есейді ел-жұртының көз алдында,
Жастықтың махаббатсыз тынысы не.
Басында сіз де, біз де байқамадық,
Дəстүр бар келе берер қайталанып.
Екі жас жақсылықпен тілек қосса,
Кер тартып, басымызды шайқамалық.
Өзімен балайтұғын елді бірге
Жақсының жақсылығы – кеңдігінде.
Жас едік біз де кеше жарқылдаған,
Ата мен ана боппыз енді, міне.
Жалғасып күн артынан күн келеді,
Жақсыңды жарқ етпесе кім көреді.
Тілегін екі жастың хоштамасақ,
Біздерді жиылған жұрт кім дер еді.
Жалғасып күн артынан күн келеді,
Бар екен кіші ағаның іргелі елі.
Өмірден не көрдім деп айтар еді
Адамның ойнамаған, күлмегені.
Өмірде жақсы да бар, жаман да бар,
Қартайса қас жүйрік те шабанданар.
Ойлайық жас тілегін жас көңілмен,
Ұл мен қыз саған қарар, маған қарар.
Өсірдің сен балаңды гүл болсын деп,
Іші алтын, сырты күміс – нұр болсын деп.
Желге де қақтырмадың бəйек қағып,
Бақыты қайда жүрсе бір болсын деп.
Тигізбей мəпеледің желге, күнге,
Жалғанда тең таппадың теңгеруге.
Иншалла, сол ниетің қабыл болып,
Айтайын жарыдым деп мен келінге.
Отырсың құтты қалам тұрағында,
Айтарсың қате болса сұрағымда.
Тағы да мақтанайын жарыдым деп
Құдай қосқан құда мен құдағиға.
Өсірдім мен де ұлымды күн болса деп,
Жақсымен жаны жайсаң бір болса деп.
Тіледім ата-баба аруағы
Қолдаса,
Иығына пір қонса деп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу