Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  73


Автор: Есләм Зікібаев

Сəуледей мың құбылған бұл дүние

Сəуледей мың құбылған бұл дүние,
Елтітіп, отырғызар кімді үйіне.
Алдамшы байлығың да, барлығың да...
Оған да адам секілді бір күн ие.
Қонған бақ па басыңа туысыңнан,
Ол да алдамшы бір суып, бір ысыған.
Алтын балық секілді көзді арбаған
Сусып шыға береді уысыңнан.
Түк емес лағыл, маржан, жаһұтың да,
Өтпелі басқа қонған бақытың да.
Кетеді қас қағымда күлге айналып,
Қадірін ұға алмасаң уақытында.
Періште, пенде көңіл жылап, күлдік,
Қисапсыз қанша мəрте құлап, тұрдық...
Дүние дүбіріне құлақ түрдік.
Əттең, əттең, білмейміз бəрі-бəрі
Алдамшы екендігін бір-ақ күндік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу