Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  80


Автор: Есләм Зікібаев

ШЫНДЫҚ АЙТЫП ТҰРСА ДА...

Білмеймін не бар осы ой-санамда,
жырларыммен ойсызға ой салам ба,
бəрі де əлде қала ма ұмытылып,
бал да кермек татиды тойса адамға.
Менің барлық байлығым, баққаным да –
тура келер бойыма шап-шағын ба,
түкке тұрмай қала ма көзге қораш,
тепең қағып тірнектеп тапқаным да.
Есіме алып шау тартқан шалдығымды,
бүгінді емес, ертеңді, арғы күнді...
Көз алдыма үреймен елестетем,
Қара түнек жабардай таң нұрымды.
Иба кетті, жайына иман қалды,
Нарық тұтас жалмады жиған малды.
у ма, зəр ме – тітіреп қабылдайсың
сыздықтатып бойыңа құйған нəрді.
Сыздықтатып бойыңа құйған нəрді
қабылдайсың, ұмытсаң да иланғанды.
Ертеңіне сенімсіз əжелер жүр
күдер үзіп қошемет-сыйдан мəңгі.
Күдер үзбей қайтеді, нарық келіп,
«қарық қылса», тартып ап жиған малды.
Қайтсек аман бүгіннен қаламыз деп,
Қайыр тілеп қаңғыған баламыз көп,
Тысқа шықсам, еңкейген ерді көрем
қоқыстарды тінтіген тамақ іздеп.
Шаттығын ап, шатағын қиғандай күн,
Бір қауызға бүрісіп сыйғандаймын,
Аузы күйіп қалғандай май ішем деп,
шындық айтып тұрса да, иланбаймын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу