Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  82


Автор: Есләм Зікібаев

Тəңірімнің теліп берген байлығы –

Тəңірімнің теліп берген байлығы –
Қара жердей көтеріп мұң-қайғыны,
Өтіп жатыр зымыраумен құс-ғұмыр,
Тек белгісіз аяқталар ай, күні...
Ертеңіме бір сенбеген, бір сенген
тіршілігім қалт-құлт етіп бүрсеңмен
өткеніне риза жандай күлерсің,
жынды адамдай жылар сəтте күлсем мен.
Ақ таңдар-ай, ақ таңдар-ай ақ маңдай,
Мерекесі аз, берекесі жоқ қандай!
Кетсем бе екем мына алдамшы фəниден,
Кері жүрер кеңкелесі боп қалмай.
Біреулердің барлығы мен байлығы –
біреулердің күңіренген қайғы үні...
Аяп берер жүрегі жоқ аярлар
байлығына батар екен қай күні.
Байлық, барлық – түбі жұмбақ ол-дағы
төбемізді қалың бұлттай торлады.
Көз жасына көл боп аққан көп жұрттың
қарық болып кетпесе тек болғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу