Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  63


Автор: Есләм Зікібаев

ҚАЙРАН АРМАН

Қайран арман,
секілденіп сұлудай жайнап алдан
шығушы едің, қаусаған қайыңдайын
болғаның ба сенің де ойран-ойран.
Қайран арман,
жас күнің есіңде ме тойға барған –
жырды құшып, көздерден бір-бір ұшып,
бос қиял болғаның ба ойда қалған.
Таусылмайтын адамның жыр мекені –
мына өмірге кім келіп, кім кетеді,
тірлігінде арманға тойған ба адам
құшып-сүйіп жүрсе де күнде, тегі.
Таба алмай табан тірер тұрағыңды,
бетіңді қай бағытқа бұрарыңды,
əрнеге елеңдетіп құлағыңды,
біле алмай жолайрықта тұрарыңды,
жүген-құрық тимеген бұла күнді
аңсаумен алақұйын күн кешесің –
мейірі қанбай қалған құмарыңды.
Қайран арман,
қиялдап қырға барған, ойға барған...
басырдай екі көзін байлап алған,
бастырмай ішіңдегі іңкəріңді,
ашықта адастырған қайда жалған?
Алдамшы, алабұртқан қайран арман,
салқын тартып бойдағы қайнаған қан,
қар жаумай, қараша ұрмай, солғындатып
кетеді екен кешегі жайнаған маң,
жарықта көз жаздырып, қайда қалған?
Көңілді алдарқатып-алдағаннан,
қамшылап қажырыңды қайрағаннан
не таптың, бəрі-бəрі майдаланған...
білекті Айға білеп, жанған жүрек
əрі-сəрі, бəрі жоқ, қайда қалған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу