Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  230


Автор: Есләм Зікібаев

Көп дауын да, жоқтауын да тыңдатқан

Көп дауын да, жоқтауын да тыңдатқан,
Мына ғұмыр бірде тамыз, бірде ақпан.
Ауырлығын арқалаумен келемін,
Көк өгіздей арқамда жүк мың батпан.
Қас қараулық жүрегімді сыздатқан,
Өн бойымды өкпек желі мұздатқан...
Адасқан оқ басқаға да тиеді
Бытырадай шашыратып бізге атқан.
Десем дағы сыр алдырман, міз бақпан –
Тамырларды қысатындай сыздап қан.
Сақылдаған сары аяздай қариды
Жүрегімде ерімейтін мұз қатқан.
Жағалауға жетем деумен құлшынып,
Көп толқынға бірде батып, бір шығып,
Су бетінде қалт-құлт етіп ағады
Тұрлаулы жоқ, тұрағы жоқ тіршілік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу