Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  96


Автор: Есләм Зікібаев

ҚЫРШЫН ҚИЫЛҒАНДАРҒА

Төменнен төске шауып өрлегендер,
Армандарын келмеске көмген ерлер...
Ғазауаттың отына қарылғандар,
Жалын жандар... Өртеніп, өлмегендер.
От ішінде өртеніп, өлмегендер,
Су ішінде сусырап шөлдегендер,
Тар тамұқта тозаққа қарылғандар,
Жалын жандар –
Тұншығып, сөнбегендер.
Мəңгі тірі өшпеген рухтарың,
Сахнасына тарихтың шығып бəрің
Ұрпақпенен қауышып-табыстыңдар,
Талқан қылып тамұқтың құлыптарын.
Жалындатып жылдардың таңғы алауын,
Жастай күйіп-жандыңдар, таң қаламын.
Ұрпақтарың ертеңмен жалғастырады
Сендер айтпай қалдырған арман əнін.
Өлмегендер, алаулап сөнбегендер,
Су ішінде сусырап шөлдегендер!
Аңыз қылып жалғайды ғасырларға
Сендерді көрген елдер,
Қиындыққа сендердей көнген ерлер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу