Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  124


Автор: Есләм Зікібаев

Кешір, Тəңірім, қиғаштау болса сөзім кей....

Кешір, Тəңірім, қиғаштау болса сөзім кей,
Төзім бар ма екен мендегі темір төзімдей.
Пенде біткеннің бəрін де жақын дос көріп,
Жауымнан дағы жақсылық күтем өзімдей.
Адамның көңілі не деген көзсіз, тəйтік бұл,
Балаларыма да, немерелеріме де айтып сыр,
Тамырың алыс Арқада деген ұғымды
Құлақтарына құйып, ұғындырамын айтып кіл.
Едіге-көңілге ел деген, шіркін, ел-ақ қой,
Қазақтың жері көзді қарықтырар кең-ақ қой.
Жаман, жақсы деп бөлектеп-бөліп жатпайтын
Сезім де, шіркін, сері-ақ қой.
Еліме, бəлкім, азырақ беріп, көп алдым,
Ыстыққа күйіп, суықта жаурап тоңармын.
Ауылыма бір барып қайтқанда бір жасап,
Қайта туғандай күш-қуат алып оралдым.
Көңіл – ақ қайың, тірі жүрген соң, жан – емен,
Жүресің ілбіп жүректегі көп жарамен.
Қоңсы қонбасам дейсің де пəле-жаламен,
Қалтаң қағасын, қорғаушың сол бір кəрі өлең.
Сары төсекте, кімге жетердей құзырың,
Тіршілік – тəтті, көре тұрсам-ау қызығын.
Ойлайтының да егемен деген ел қамы,
Тоймайтының да қара өлең сол бір күн ұзын.
Кей-кейде жеңіп, кей-кейде тіпті жеңіліп,
Сергелдең ғұмыр, құрдық-ау салдық, серілік.
Кезінде, шіркін, не біліп, жаттық нені ұғып,
Елігіп досқа жүрдік пе босқа ерігіп,
Қайран күндер-ай, сөгіліп кеткен сеңі ығып!..
Бара жатқандай шегініп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу