Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  161


Автор: Есләм Зікібаев

Тəн азабы ауыр ма, жан азабы? –

Тəн азабы ауыр ма, жан азабы? –
Осы ой менің жанымды қажағалы
жылдар өтті қаншама, бір жауабын
таппай келе жатырмын, ғажабы, əлі.
Ерік беріп жандағы сезімдерге,
Ет жүрегім елжіреп-езілгенде,
Мына жүрген Мен ғой деп еңселеніп,
Көрсете алмай келемін өзімді елге.
Талай қырсық кес-кестеп жолымды да,
Қабырғамды күйреттім, қолымды да...
Тегіс жерде тəйкемнен түсе берер
Қалың ба еді соншалық сорым мына.
Тəн азабы қинай ма, жан азабы,
Жақын ба, əлде алыс па тажал əлі? –
Қала берер мəңгілік санадағы
Шешімі жоқ жұмбақтай ғажап əрі.
Шешімі жоқ жұмбақтай ғажап əрі –
Көңілімді көп сауал мазалады.
Айналам бəрі ақылды, бірақ кімдер
Көңілімнің құрысын жаза алады?
Адастырған көп сауал, зəуде бірін
Шешсем-аумен өтеді əуре күнім.
Бұл фəнидің сырларын ұғына алмай,
Басылып қалмаса екен тау көңілім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу