Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  74


Автор: Есләм Зікібаев

Ақын қандай, қандай-ау, ақын қандай....

Ақын қандай, қандай-ау, ақын қандай,
Былайғы елге дағара, атың дардай.
Тіл ұшына келгенді тістеп қалмай,
Орып түссе де айтуға хақың бардай.
Ақын қандай, білмейсің ақынды, Алла-ай,
Ой тұсаулы, жоқ сөзге хақың да ондай.
Бір шоқып, айналаға алақтаған
Құрысыншы сауысқан ақын болмай.
Ақын қандай, ақынға жақын қандай,
Қойса тəуба аударып атыңды алмай.
Абай болып тусаң да, айбарың жоқ,
Бүгін сенен күйкентай əкім зордай.
Аспаныңда тұрғанмен Ай, Күн əлі,
Көңілің қыз мінезі айнымалы.
Күні кеткен кешегі «күн» көсемдер
Көп алдына шығуға қаймығады.
Бақ та, мансап, байлық та құрығанша,
Сауап қой мұны екінің бірі ұға алса.
Шындық деп шымшықтай-ақ шырылдаймыз,
Айтылмаса, шындықтың құны қанша?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу