Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  60


Автор: Есләм Зікібаев

АРМАНДА ДЕЙ КӨРМЕҢДЕР

Ауысып барады күн... Неге, неге?
Сəт, сағаты... уақыттың елене ме?..
Елене ме екеуі, теңеле ме –
Алпыстың алтауына бет алсам да,
Толмай жүрген жандаймын кенереме.
Бірде шығып жығылып... кіл алысып,
Тыным алмай, таңменен тұрам ұшып.
Еңсем дағы еңкейіп екіндіге,
Гүл бетінде тұнжырап тұнады шық,
Төмен қарап бара ма Күн ауысып?
Елпілдеген елгезек көңіліммен
Үлгерді екем нені алып толы күннен?
Əлдекімге тегершік бола алдым ба
Өлшемі – қас қағымдай өміріммен?
Таразыға тартсамшы соны бір дем.
Арман қуған қуғыншы, бірде қашқын,
Кімнен қалдым, ағындап кімнен астым?
Айту қиын, абдырап күнде адастым.
Біреуіне қол ұшын бере алдым ба
Төлегендей тентіреп жүрген аштың?
Əзір бармын, төбемде күлген арай,
Күнге қарай, болмаса түнге қарай...
Асау да емен, теңіздей тынық та емен,
Жүріп келем, ішімнен тынып келем,
Көрінерін кім білсін кімге қалай.
Бірі беріп кезегін, бірі алысып,
Күн менен түн-албасты жүр алысып.
Тіршіліктің əр сəтін шотқа салып,
Өкінішпен өткенін жоқтаса анық –
Пенде көңіл безектер құрақ ұшып.
Желісі ме, əлжуаз аяңы ма,
Ауып кеткен бесінім баяғыда.
Қанша қалды сапардың аяғына?
Əрбір атқан таңыма шүкір айтып,
Ілбіп келем мінгесіп таяғыма.
Бір күн өтсе, əлі алда бір күн бардай,
Тіршіліктің тəттісі-ай, шіркін, балдай.
Өзімді өзім тербетіп тұрғызамын,
Көңілімді ертеңге бұрғызамын,
Талмаусырап жатсам да ұйқым қанбай.
Күтіп алда қызықтар тұрғандай сан,
Əр қияға соғады мұндайда аңсаң.
Арманда дей көрмендер, ағайындар,
Қалғып кетіп, бір күні тұрмай қалсам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу