Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  87


Автор: Есләм Зікібаев

Ақынның сыры да – шын, Шыны да – шын...

Ақынның сыры да – шын,
Шыны да – шын,
Ағайын, айта көрме жырына сын.
Жастықта байқамаған көп жайларды
Жас келіп, қартайғанда ұғынасың.
Көңіліміз көктемдей күншуақты,
Өміріміз, шүкірлік, гүл сияқты.
Жиырмада жыр деп соққан екі жүрек,
Алпыста да соғуы бір сияқты.
Қатар жүрген сары нар, қара нардай,
Арман елі бір жерден табады арна-ай.
Келеміз қос інгенмен қосақталып,
Үзіліп басқа жаққа қарай алмай.
Жүз – алыс,
Жетпейміз бе, жетеміз бе,
Көреміз не жазылса шекемізге.
Кіндігі ажырамас екі егіздей
Ерте-кеш бұл өмірден өтеміз де.
Қасыңда сыйласың да, қимасың да,
Қинаса, жанды бірге қинасын да.
Жетерміз аман-есен біраз жерге
Ғайни мен Розаның бұйдасында.
Барады өмір зулап – Есіл ағын,
Білмейсің кейде не жоқ, несі барын.
Өмірде, өнерде де тете жүрген
Сол баяғы бала дос Еслəмің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу