Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  60


Автор: Есләм Зікібаев

БАҚ ТІЛЕДІМ

Өлең-жырға желі боп
Тартылатын қазағымның жері көп.
Қашаннан да қасиетті, киелі
Сондай жердің біреуі осы – ШИЕЛІ,
Тұрар жанға беріп от.
От болмаса, тіршілікте сəн бар ма,
Кейде тағдыр мұз құрсауын салғанда,
Қуат беріп жандарға,
Талпындырар шуағы мол таңдарға.
Ақын халық жаныменен ұғатын,
Сондай жердің құдіретін, қуатын
Көргендеймін топырағыңнан киелі
Кіл батырлар, кіл ақындар туатын!
Адамдары зерделі –
Кімдер көріп, кімдер мұнда келмеді.
Тұнып тұрған аңыз сынды ақ дала –
Ақын қиял қанатын кең сермеді,
Ыбырайдың ырыс еккен жерлері,
Күріш еккен жерлері...
Көз ғана емес,
Көңіл керек көретін.
Сөз ғана емес,
Сезім де ерек бөлетін.
Адамдардың маңдай тері – жер нəрі
Ақ күріш боп өнетін.
Əн толқыны басылмаған толастап
Бүгіні мен ертеңіне жол ашпақ.
Диқан баба армандарын жалғаған
Ұлдары да,
Қыздары да... Өр! Асқақ!
Қасиетін тауыса алар тізіп кім –
Өтетіндей көздерінен жүзіктің,
Сараланған сайдың сара тасындай
Жандарына қызықтым.
Сыйластығы – қимастыққа татыған,
Көкірегімде тулап талай жатыр əн.
Еліне де... Еріне де... бас иіп,
Бақ тіледім ағаларым атынан.
Зəкирасы, Жадырасы бар аймақ,
Ақ таңымен хош айтысты арайлап.
Бүгінінен ертеңі əсем құт жерді
Қимай кеттік артымызға қарайлап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу