Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  85


Автор: Есләм Зікібаев

ҚИМАЙДЫ АНА

– Мына жұртты жын қаққан ба? –
деп ойлады қарт ана, –
Есі дұрыс адам болса, тағдырын
салған жандай қартаға
Осы жұртта мен білмейтін бар қылық,
Жұмақ жерді қалдырып,
Көзі қиып өскен, өнген ауылды –
Ағайынды, дос-құрбыны, бауырды...
Қалаға жол тарта ма?
Ессіздігі желөкпенің қайсыбір
Аяздай-ақ батады екен арқаға.
Бір ай болды,
Нені көрдім, нені ұқтым –
Төрт қабырға, жалғыздықпен серікпін.
Тірлігіңді білдіретін, білетін
бір пенде жоқ, зеріктім,
Өзімді өзім алдарқатып келіппін.
Айта алмаймын бар ма, жоқ па санатта,
Биік үйде,
Сегізінші қабатта
тұратұғын ұлым менен келінім
баса алмай жүр қала деген желігін.
Қою түтін ширатылып отынан,
төрт құбылам түгел болып отырған
əкелді айдап мені кім?!
Таңдарда да көз ілмедім –
толасы жоқ бұл не, бұл?
Дамыл алса қайтер еді түнде бір.
Машина ма,
Темір жолды тоқылдатқан тағы да
мен көрмеген пəлекеттер сапырлысып бірге жүр.
Рахмет мені əкелген келінге де, ұлға да,
Біздейлерге келмейді екен бұл қала.
Қайтарыңдар тез ауылға,
Тыныштық жоқ,
Тыным алар сəті жоқ,
Тосын адам жынданар-ақ шында да.
Рахмет!
Талай жерді аралатты,
Талай жерге апарды,
Көрем деп пе ем шал көрмеген шаһарды?!
Астанада тұру – ылғи арманы еді пақырдың,
Ал мен бейбақ сыймай, міне, жатырмын.
Ағайынның ортасына жеткізсін,
Ана сүтін кешсін десе,
Алам десе батамды.
Қайран өмір!
Көп-ау, тегі, жан білмейтін амалы,
Талайлар жүр айналсоқтап,
Қалдыра алмай қаланы.
Көкірегінде күмбірлеген дала күйі, дала əні,
Құлағында үлбіреген Сарыарқаның самалы.
Келінін де, уілдеген немересін, ұлын да
Қимайды ана, қимайды,
Өзін өзі қинайды-ақ.
Көзінде жас,
Көңілінде қуаныш,
Туған жерге ту алыс
Қайтып кетіп барады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу