Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  83


Автор: Есләм Зікібаев

ҚАРЛЫҒАШ

Балапан кезіміз – қамсыз да мұңсыз, қаңғыбас,
Жоқты бар қылып, бағаламайтын барды рас.
Бір уыс дəнді бөліп жейтұғын кезіміз –
Аулаға қонса көк кептер, торғай, қарлығаш...
Қарлығаш – аса киелі құс деп атамыз
Айтқаннан соң ба, бəйек боп ылғи жатамыз.
«Қарғысына оның ұшырай көрме, жетім боп
қаласың», – дейтін, билейтін үрей, жат аңыз.
Ауылға барам. Заман боп кеткен қандай бұл,
Шөліркеп суға, кеберситіндей таңдай құр.
Сұраймын елден: «Көктемде басқа құстармен
Қарлығаш неге аулама ұя салмай жүр?»
Көк дөнен көңіл шарқ ұрып қиыр-қияға,
Төрбейді жанды əуезді əн мен күй-ана.
Бал күндеріңнің бақытын іздейді екенсің
Қарлығаштарым қонып жататын ұяға.
Бір үрей билеп, құрыстырғандай денемді,
Хабарлайтындай «қарлығаш ауды» дегенді.
Көктеммен бірге көсегеміз де көгерді...
Сене алмай жүрмін тек қана,
Келе алмай жүрмін өзіме –
Мен құсап аңсап сағынбайды дегенге сен елді.
Тірліктің мынау нарқын ұқпайтын дүмшелер
Қумас еді ғой қасиетіңді білсе егер.
Дүниенің шетін өрт шалса, безек қағатын
Қарлығашы жоқ ел бар дегенге кім сенер?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу