Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  275


Автор: Есләм Зікібаев

Арғын десе, дей берсін, Арғын-ақпын

Арғын десе, дей берсін,
Арғын-ақпын,
Арнасындағы ағыспын бал бұлақтың.
Адуыны, арыны басылмаған –
Ауыздықпен алысқан арғымақпын.
Ерте ұғайық, əйтеуір, кеш ұғайық,
Ермін дейсің, қалмаса есің ауып.
Қазақтығыңды айқайлап айтып жүрсең,
Арғынмын деп айтудың несі айып?
Құзда биік қалықтар қырандаймын,
Құмда жолын анықтар құландаймын.
Судың мөлдір-тұнығын жүзіп ішіп,
Сахараның желінен сыр аулаймын.
Сыр аулаймын желінен, жыр аулаймын,
Сағымы адастырған мынау қай күн?
Сейілтіп-сергітпеген тұман-қайғым,
Күні – түн, түні – күнге шырматылған,
Елімайлап егілген жыраудаймын.
Мен жазбасам, деуменен жазады кім?
Жырдан тапқан бейбақпын жан азығын.
Азаппеннен күн кешер тірлігінде
Ақындарда болмайды мазалы күн.
Ой отына өртеніп күн кешерін
Білсе де, айығардай білмес емін.
Көп ақынның бірімін отқа күйіп,
Тылсымдармен тебіреніп тілдесемін.
Əу баста-ақ азап үшін жаратқан ба,
Тырмысып шыдап бағам тағат барда.
Ойлармен ойқы-сойқы арпалысып,
Қалжырап қалғып кетем таң атқанда.
Алыста қалған алыс алақай күн,
Бар болса, ол да өзімнің дара қайғым.
Айбыны жер-жаһанға жетпесе де,
Алтыншы ұрпағымын Жанатайдың!
Біреу – Найман, несі бар, біреу – Адай,
Біреуіне бола алса біреуі абай.
Білмей жүрсе бабасы кім екенін,
Түбі қазақ екенін білер қалай?!.
Үйсін бол, Жалайыр бол, Қоңырат бол...
Айтыспасаң жарады болып ақ тер...
Аталардың аруағы желеп-жебеп,
Қазақтығыңды ұмытпа,
Соны бақ көр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу