Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  57


Автор: Есләм Зікібаев

АРУАНА ƏЖЕЛЕРІМ-АЙ

Қыз ұзатар еді ертеде ел:
«Сүйегің – біздік, ал етің – барған
жерлік!» – деп,
Қайда кетеді, тағдырға бəрі көндікпек.
Бүгінгі келін өткелден өтіп алған соң,
Атадан биік озады төрге кергіп кеп.
Ол кезде əлде жетілмеді ме жете тым,
Ақыл-ой – орман, шетіне кім бар жететін.
Барған жеріне судай сіңісіп, ақыры
Сол елдің ғана намысын жоқтап кететін.
Ождан да, ар да қалғандай қазір тегін боп,
Жалмап жатқандай сана-салтыңды, жеріңді от.
Белі бүкшиіп, келінге қарап, кемиек –
Кəрі əже үйге сыйып жүр əзер келін боп.
Күйбең тіршілік,
Күн демей, тіпті түн демей,
Сықыр да-сықыр –
Тозығы жеткен күймедей,
Омырылып оқыс бел омыртқасы үзіліп,
Кетеді-ау бір күн, қалай жүр екен күйремей?
Айбарыменен ықтырар бəрін ері ұдай –
Бабадан қалған дəстүріменен елі бай.
Айта алмай келген, тарқамай келген шерім-ай,
Жанымды жебеп, қалдырмайтындай мені жай...
Атам секілді ауыл-аймақтың айбыны,
Абысындарға ақылдың кеніш-айдыны.
Көк өгіздей-ақ жер жүгін жалғыз көтеріп,
Белі үзілсе де иіліп бір сəт бүгілмей,
Ұмытқан мүлдем қуанышты да, қайғыны...
Бастарыңнан бақ тайғанады екен қай күні?
Білмеймін тіптен қай жерде, қандай себебі,
Сендерді көрсем, көңілім босай береді.
Алтын құшақтар – халқымның кие, иесі –
Салтымды сақтар жоғалмас жолдың жүйесі.
Асыл сыйлы анам,
Көріп қиналам күн сайын,
Сендерге, бəлкім, уақыттың тартқан «сыйы» осы!
Айдай əлемге елі бай жəне жері бай,
Бай ел, бай жерді асқақтататын ері ұдай.
Сол ерлерді туған, белдерін буған бүгілмей,
Аруана əжелерім-ай,
Аруана əжелерім-ай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу