Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  56


Автор: Есләм Зікібаев

АРМАНЫМ

Мен де «Арғынмын Əсеттей арындаған,
Арындап əн сала ма дарымаған»...
Шығатын биіктері көп болар деп,
Тəңірім аздап сыйлаған дарын маған.
Шартабақтай дөңгелеп сағым далам,
Жарыссаң, сал дейтіндей барыңды əман.
Сағым сынып, тауым көп шағылмаған,
Шашамды шалғын қағып, шаң ұрмаған.
Болмаған біріміз құл, біріміз күң,
Таралған тегі тұтас түбіміздің.
Орта жүз, Кіші жүз бар... бəріміз де
Тетелес інісіміз Ұлы жүздің!
Деуші едік ақындыққа неге құмар,
Сүйінбай, Жамбылы мен Кенені бар...
Құрманғазы, Исатай, Махамбеті...
Ұрпаққа ұлағаттай кеткен аты,
Исі қазақ қайсысын демеді нар.
Арқаның салдарындай сері көңіл,
Жасымнан желіктірген желік-өмір.
Ақан, Біржан, Ыбырайдың іздерінен,
Ағайын, іздесеңдер мені де бір.
Елім деп айқара ашқан ақ жаны бар,
Еңіреген Ер Түрік деп Мағжанын ал.
Қонар тұсын таба алмай тентіреген
Кей-кейде тайқы маңдай бақ жаңылар.
Сəбит, Ғабит – кешегі Ел мақтаны,
Ұрпаққа жалғастырар ерді ақ таңы.
Халық барда қаһарман туа берер,
ДАНАЛАР ағалардай келмек тағы!
Тағылым-талабымен бақ табатын,
Жанымен жақынға да, жатқа жақын,
Жеті атадан қайырып тегімізді,
Салтымыз – БАБАЛАРМЕН мақтанатын!
Арғынмын,
Арғын ішінде – Атығаймын,
Даңқым асқақ болмаса да, атым – айбын.
Жанатайдан жалғасқан алтыншы ұрпақ –
Мен, бəлкім, мақтануға татымаймын,
Бəрібір алдымда үлкен жатыр айдын.
Бір ұрпақ бір ұрпақпен алмасады,
Өмір өсіп тұрмаса, бар ма сəні.
Таңаттан Есенаман, Мамыт, Зікібай,
Еслəм, Еркін, Ерден, одан əрі
Кішкентай Ерұланға жалғасады.
Тəңірім тіршілігін тоқтатпасын,
Толқын, толқын... олардан да алға асады.
Демеймін көктен түсіп, бола қалдым,
Өртеніп өз отына жанады əркім.
Пайғамбардың жасынан асып кеттік,
Ендігі бар тілегім – өзім емес,
Болашағы немере, балалардың...
Тірлікте сан тамұқтан өтесіз көп,
Туғандар некеліден некесіз боп,
Мақтанып жеті атасын кім деп айтар,
Тірі жетім өскен соң жетесіз боп.
Көңіліме толса да, толмаса да,
Біреуді зор, біреуді қорға сана
Демеген арғы-бергі бабаларым.
Əр қазақ түп-тегімен мақтанады,
Бірі артық, бірі кем болмаса да.
Өмірде асуы мол құз, белеңдер...
Жетіп жатыр, бəрі де бізде деңдер.
Руды айту – басқаны ұру емес,
Одан, сірə, саясат іздемеңдер.
Көпке жақпын демеймін, азға жақпын,
Өз алауым өзімде, маздамақпын.
Арманым – түтіні көп шашырамай,
Егеменді Елімнің КӨК ТУЫНДАЙ
Оты тұтас лауласын АЗ ҚАЗАҚТЫҢ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу