Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  224


Автор: Есләм Зікібаев

АҢСАУ

Ауылынан алыс кеткен пендеге
Ыстық болып тұрады екен ел неге?
Ертелі-кеш елеңдеумен күн кешем,
Сол бағыттан үф деп соққан желге де.
Кəрі аман ба, жас аман ба, Ел қалай?
Биыл жазда түледі екен жер қалай?..
Құшағына күллі əлемді сыйдырған
Айналайын қасиетті кең дала-ай!
Тіршіліктің қаңтары мен тамызын...
Көріп келем, азды-көпті бар ізім.
Ақын біткен қайғысымен, мұңымен...
Қайталардай Асан баба аңызын.
Жетті даусым жақынға да, жатқа да...
Жаяуладым, міндім талай атқа да.
Ел қарызы – қарызындай АНАНЫҢ –
Өтелмейтін күнде апарсаң Меккеге!
Бірде толып, бірде ортайып жыр-кесем,
Түсімде де тылсымдармен тілдесем.
Сарыарқаның самалымен сусындап,
Сəн ортаның тірлігімен күн кешем.
Арман-ғұмыр, айтып-айтпай не етеміз,
Туған ауыл – мəңгі құбыла, Меккеміз.
Қайда тағдыр айдаса да адаспай,
Аңсап кетсек, құстай ұшып жетеміз.
Тауға, тасқа сан соғылып шекеміз,
Қарызыңды өтей алмай кетерміз.
Сары белде сарғайған жас жапырақтай
Сағыныштан жаралған ба екенбіз?!
Сəл сыбдырға құлақ түріп дір еткен,
Жырласын деп көкірегіме жыр еккен.
Түсімде де барып қайтып жүремін
Аңсап ұшар Аруана жүрекпен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу