Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  52


Автор: Есләм Зікібаев

ОТ БАСЫП АЛАРДАЙ ҰЯЛАМ

Табиғат – Ана,
Тəңірінің тарту-сыйы – Адам,
Ұлдарын биік ұшырар қиыр-қиядан.
Ұлыларымның тұғыры болған өлкеден
Тудым деп мен де айтуға кейде ұялам.
Қасіретті жерде қаптаған қарға,
Қыран қат,
Қапысын тауып біреуді біреу жүр алдап.
Төре боп алса, төбеге шығып кеткендей,
Қол жетпес шыңнан шыға келеді ұраңдап.
Қаптаған қарға,
Болғаннан соң ба қыран қат,
Білмейсің тіпті жүргенін кімді кім арбап.
Ақынмын ғой деп Құдайға жетер көңілің
Құлына жетпейді кеткен соң биік шығандап.
Арын да салып,
Барын да салып саудаға,
Сардар атанып жалғыз шабардай жауға да.
Елдің арысын, ердің намысын құрбан ғып,
Өсіп келеді, азайды дені сау бала.
Былайғы жұртқа –
«Танымайсың ба, мен де Ер!» – деп,
Қияннан биік қыр көрсетеді кердеңдеп.
Өңмеңдеп шығар ері көп, бірақ тері жоқ,
Айнала ұйық сызып қойғандай шеңберлеп.
Көк дөнен көңіл, жаныңда жойқын бір алау,
Алдыңда – шың-құз, арт жағың – жайпақ,
жыралау.
Оңы-солыңды орап ап ойлар ормандай,
Адастырмаса да,
Жақ аштырмай кіл сынады-ау.
Мың сан аранның тұтқыны болып кей-кейде,
Білмей қаласың жүргеніңді қай деңгейде.
Естімей, көрмей, сөйлемей қойғың келеді,
Мезі ғып болдық онсыз да елді дей, дей де!..
Уақыт-ай үнсіз өте шығатын бір демдей,
«Қамшы сабындай тым келте» дейміз
білгендей.
Ал енді бірде Алпамыс болғың келеді,
Аспан мен Жердің арасын жалғап жүргендей.
Жалмауыз жайындай жұтып жатып та
жұмарлап,
Адалдығымызға ант-су ішеміз құранды ап.
Пенде түгілі, Құдайдың кəрі жүрмейді,
Туған бойында-ақ дұғалап қойған тұмарлап.
Табиғат-Ана,
Бəрінің бүгін биі Адам,
Арамдыққа да жарып ұшқандай ұядан.
Ұлылар ұшқан Ұлы даланың ұлы едім
Деуге де кейде от басып алардай ұялам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу