Өлеңдер ✍️

  26.08.2022
  93


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Сыбызғы үнді

(Г.Ақпановаға)
Құйғытып, құйқылжытып, созған әнің,
Айызын қандырардай бозбаланың.
Сырнай тіл, сыбызғы үнді сылқылдатып,
Көңілдің күй пернесін қозға, жаным!
Қозға, қозға, ысқырып, шуылдақты,
Беу, шіркін, өзегімді шымырлатты.
Қайда жүргем, естімей қайда жүргем,
Он тарау, отыз соқпақ, мың ырғақты.
Сазыңды бұлбұлдан да басқа дедік,
Естімеппін осынша жасқа келіп.
Кідіріп тындайтындай адам түгіл,
Жолбарыстан шошынып қашқан елік.
Лекітіп, сағақтатып, созған әнің,
Ақылын аңтармай ма бозбаланың?!
Сырнай тіл, сыбызғы үнді сылқылдатып,
Көңілдің күй пернесін қозға, жаным!



1972 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу